← Барлық жарияланымдар
Мақала

Экономикадағы деректердің рөлі қалай өзгерді?

Тіл
Русский

Ұзақ уақыт бойы өндірістің негізгі факторлары ретінде жер, еңбек және капитал саналды. Кейін олардың қатарына білім, технологиялар және кәсіпкерлік қосылды. Қарапайым тілмен айтқанда, өндіріс факторы дегеніміз — құндылық қалыптастыру үшін қажетті ресурс.

Деректер бұл қатарға әлдеқайда кейін қосылды. Бастапқыда олар кез келген қызметтің жанама нәтижесі ретінде қалыптасты: есептер, жазбалар, транзакциялар, статистикалық мәліметтер. Уақыт өте келе олардың рөлі өзгерді. Бұл үдерісті бірнеше кезеңге бөлуге болады:

Мұрағат

Деректер ең алдымен бұрын болған оқиғаларды тіркеу үшін қажет болды. Бухгалтерлік есеп, есептілік, статистикалық нысандар, операциялар журналдары осы кезеңге жатады.

Айна

Деректерді талдау үшін пайдалану басталды. Олар сұранысты, тәуекелдерді, клиенттердің мінез-құлқын, ақаулардың себептерін және процестердің тиімділігін түсінуге көмектесті.

Бағдаршам

Деректер енді жағдайды сипаттап қана қоймай, нақты уақыт режимінде шешім қабылдауға ықпал ете бастады. Мысалы, онлайн-сервистердегі бағалар сұраныс пен пайдаланушылардың мінез-құлқына қарай өзгереді, ал кредит беру жөніндегі шешімдер барған сайын транзакциялық тарих пен цифрлық профильге негізделеді.

Отын

Жасанды интеллектінің дамуымен деректер аса маңызды ресурсқа айналды. Оларсыз модельдерді оқыту мүмкін емес. Ал деректер сапасындағы айырмашылық өнімнің, сервистің және нарықтағы бәсекелестік позицияның сапасына тікелей әсер ете бастады.

Дәл осы соңғы екі кезеңде деректер экономикаға толыққанды ене бастайды. Олар енді бір нәрсені есептеу немесе түсіндіру құралы ғана емес, шешім қабылдау мен құндылық қалыптастыру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналады. Жасанды интеллектінің дамуымен бұл өзгеріс одан әрі күшейе түсті.

Көптеген компаниялар үшін деректер капитал, технология немесе нарыққа қол жеткізу мүмкіндігі сияқты маңызды бәсекелестік артықшылық көзіне айналып келеді.

Сонымен қатар, деректер арқылы табыс табу тәсілдері де өзгеруде. Бұрын бұл негізінен жанама түрде жүзеге асырылатын:

  • Мемлекеттер деректерді неғұрлым дәл шешімдер қабылдау, мемлекеттік саясатты қалыптастыру және басқару тиімділігін арттыру үшін пайдаланды.
  • Компаниялар деректерді тиімділікті арттыру, экожүйелер құру және мақсатты жарнама көрсету үшін қолданды. Қазір деректерді тікелей монетизациялаудың жаңа модельдері жиі пайда болуда:
  • Баспалар, медиа компаниялар және фотобанктер жасанды интеллектіні оқыту үшін өз контенттерін лицензияға береді.
  • Деректер біртіндеп дербес сауда нысанына айналатын биржалар мен деректер маркетплейстерінің форматы дамып келеді. Алайда ең елеулі өзгеріс, бәлкім, жеке адам деңгейінде орын алып жатыр. Бұл айналымға біртіндеп дербес деректер де тартылуда. Пайдаланушылар дауыс жазбалары, бейнематериалдар, хат алмасулар немесе күнделікті мінез-құлқы туралы деректер үшін ақы алатын платформалар пайда болуда.

Дербес деректер нақты қалай тауарға айналады, одан кім табыс табады және бұл үдерістің шекарасы қай жерде өтеді? Бұл туралы келесі жазбада талдаймыз.