Қазақстанда деректер нарығының қағидалары күшіне енді
- Тіл
- Русский

11 шілдеде Қазақстанда Цифрлық кодекс күшіне енді. Кодекс деректер нарығының негізгі элементтерін енгізеді. Олардың қатарында цифрлық деректер өнімі, мамандандырылған платформалар, олардың тізілімі, мәмілелер жасау тәртібі, құнды бағалау әдістері және деректер экономикасы саласындағы уәкілетті орган бар.
Қазақстан деректер өнімдерінің айналымы үшін жеке құқықтық тетікті қалыптастырған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болды.
Енді компанияның ішкі деректер жиынтығы дербес өнімге айналып, оның құнын бағалауға және мамандандырылған платформалар арқылы басқа қатысушыларға ұсынуға болады.
Айналым нысаны цифрлық деректер өніміне айналады. Бұл деректерді өңдеу нәтижесінде қалыптасатын, пайдалануға және айналымға енгізуге жарамды формалданған өнім. Оған деректер жиынтығы (dataset), аналитикалық өнім, ақпараттық витрина, цифрлық сервис немесе API арқылы қол жеткізу жатады.
Өнімді меншік иесінің талаптарына сәйкес иеліктен шығаруға немесе пайдалануға беруге болады. Бұл ретте бастапқы деректер жеткізушіде қалуы мүмкін, ал сатып алушы келісілген қолжетімділік пен пайдалану құқықтарын алады.
Сонымен қатар, бірқатар шектеулер белгіленген:
- Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, бастапқы өңделмеген деректердің, соның ішінде дербес деректердің айналымына тыйым салынады.
- Әрбір өнімде деректер көзінің, өңдеу тәсілінің, жаңарту тәртібінің, сапасының, шектеулерінің және иесіздендіру деңгейінің сипаттамасы болуы тиіс.
Жаңа жүйе үш негізгі міндетті шешуге бағытталған.
Бірінші міндет — қолданыстағы деректер ағындарын жүйелеу.
Қазіргі уақытта деректер компанияларға аналитика, жарнама, скоринг және цифрлық сервистер арқылы табыс әкеліп отыр. Алайда оларды пайдалану шарттары көбіне ашық емес, ал деректердің түпкілікті пайдаланушыға дейінгі қозғалысын бақылау қиын.
Платформалар тізілімі, сондай-ақ деректерді иесіздендіру, оларға қол жеткізу және үшінші тұлғаларға беру талаптары нарықтың ашықтығын арттыруға тиіс.
Екінші міндет — ұйымдардың ішінде оқшауланған деректерді экономика айналымына тарту.
Транзакциялық деректер, өнеркәсіптік көрсеткіштер, көлік ағындары және басқа да салалық деректер жиынтықтары көбінесе ұйымдардың ішінде жабық күйде сақталады. Дегенмен олар басқа нарық қатысушылары үшін де пайдалы болуы мүмкін.
Енді мұндай деректерді мамандандырылған платформаларда сипаттамаларын жариялау, қолжетімділік деңгейлерін белгілеу және мәмілелерді тіркеу арқылы деректер өнімдеріне айналдырып, нарық айналымына енгізуге болады. Осылайша, пайдалану құқықтары мен шарттары айқын нарық қалыптасады.
Үшінші міндет — деректерді нақты экономикалық активке айналдыру.
Болашақта деректер өнімдерін бағдарламалық қамтамасыз ету, патенттер және лицензиялар сияқты компанияның балансында есепке алуға болады. Олардың құны бизнесті бағалауға әсер етіп, ал өнімдердің өздері қаржыландыру тарту үшін кепіл ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Сонымен қатар, деректердің сыртқа таралуы өнімнің құнын төмендетіп, компанияны табыс көзінен айыруы мүмкін. Сондықтан бизнес үшін деректер сапасына, оларды иесіздендіруге, қолжетімділікті бақылауға және киберқауіпсіздікке инвестиция салуға қосымша ынталандыру пайда болады.
Бұл жеке сектор үшін нені білдіреді?
- Деректер иелері мен жеткізушілері жинақталған деректер жиынтықтарын коммерциялық өнімдерге айналдырып, лицензиялар, жазылымдар немесе API арқылы табыс таба алады. Ол үшін деректер жиынтығын тіркелген деректер алмасу және айналым платформасына орналастыру қажет. Мұндай платформалар арқылы тұтынушылар ұсыныстармен танысып, белгіленген шарттар негізінде қол жеткізе алады. Платформалардың тізілімін деректер экономикасы саласындағы уәкілетті орган — ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы жүргізеді.
Жаңа IT-жүйелерді жобалау кезінде компаниялар қалыптастырылатын деректерге деген сұранысты, олардың сапасын және монетизациялау әлеуетін ескеруі маңызды. Бұл IT-жүйелерге салынған инвестициялардың қайтарымын, соның ішінде деректерді монетизациялау арқылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- Деректер тұтынушылары осы платформалар арқылы бірегей деректерге қол жеткізе алады. Мысалы, өнеркәсіптік, көлік, транзакциялық және иесіздендірілген медициналық деректерді пайдалануға мүмкіндік туады. Ол үшін мүдделі компания платформада тіркеліп, қажетті деректерді тауып, оларға қол жеткізуі керек. Егер қажетті өнім платформада болмаса, компания оны іздеу немесе әзірлеу туралы сұраныс қалыптастыра алады.
Жалпы алғанда, бірегей салалық деректер жиынтықтары қазақстандық компанияларға жаһандық нарықтың белгілі бір сегменттерінде бәсекелестік артықшылық беріп, экспортқа бағдарланған технологиялардың, қарқынды дамитын стартаптардың және болашақ «бірмүйіз» компаниялардың қалыптасуына негіз бола алады.
Нарық дамуының келесі кезеңі — заңнамалық мүмкіндіктерді нақты коммерциялық процестерге айналдыру.