Цифрлық өмір қанша тұрады?
- Тіл
- Русский

Дербес деректер біртіндеп табыс көзіне және өзіндік құны бар жеке активтер класына айналуда. Адамдардың жеке деректері үшін тікелей ақы төленетін мәмілелер пайда бола бастады.
Мұндай нарық жаһандық деңгейде қалыптасып келеді, алайда ол жасанды интеллект компаниялары тарапынан сұраныс жоғары АҚШ-та неғұрлым белсенді дамуда. Бұл жерде әңгіме иесіздендірілген кестелер туралы емес, жасанды интеллект модельдерінің сапасына тікелей әсер ететін нақты өмірден алынған деректер туралы болып отыр.
Мысалы:
- Kled AI күнделікті өмірден түсірілген фотосуреттер мен бейнежазбалар үшін ақы төлейді. Екі апта ішінде шамамен 50 доллар табуға болады, ал жекелеген бейнероликтер үшін 10–15 доллар төленеді.
- Silencio қоршаған ортадағы шуды жазып бергені үшін айына 100 доллардан астам төлейді.
- Neon Mobile телефон арқылы сөйлесудің әр минуты үшін шамамен 0,50 доллар төлеген. Бір пайдаланушы 11 сағаттық қоңыраулары үшін шамамен 200 доллар алған. Жекелеген жағдайларда табыс жүздеген, тіпті мыңдаған долларға жетуі мүмкін.
Сонымен қатар, деректерді лицензиялау нарығы да ауқымды түрде қалыптасып келеді. Reddit өз деректеріне қол жеткізу құқығын беруден жылына шамамен 60 млн доллар табады. Shutterstock ондаған миллион долларға бағаланатын мәмілелер жасайды, Wiley ғылыми архивтерін пайдалануға бергені үшін шамамен 23 млн доллар, ал News Corp жылына шамамен 50 млн доллар алады.
Негізгі экономикалық құндылық әлі де пайдаланушылардың деректері арқылы табыс табатын платформалардың қолында шоғырланған. Ал пайдаланушылардың өздері бұл табыстан іс жүзінде үлес алмайды.
Дербес деректер бұрын да монетизацияланып келді, алайда мұны негізінен оларды жинаған платформалардың иелері жүзеге асырды. Қазір деректерді адамдардың өздерінен тікелей сатып алуға негізделген жаңа модель қалыптасуда.
Бір жағынан, адамдар үшін деректер жеткізушісі деген жаңа рөл мен қосымша табыс көзі пайда болады. Екінші жағынан, мұндай деректердің құнын қалай бағалау, табысты платформалар мен пайдаланушылар арасында қалай бөлу, сондай-ақ қауіпсіздік пен құпиялылық тәуекелдерін қалай басқару керектігі туралы ашық сұрақтар бар.
Мұндай модельдің Қазақстанда қаншалықты орнығуы мүмкін екені, адамдар өз деректерін сатуға дайын ба, оған қандай баға қоятыны және бұл жаңа табыс көзіне айнала ма, әлде деректерді бақылау мен иелену мәселесіне қатысты күрделі пікірталастың бастамасы бола ма деген сұрақтар қызығушылық тудырады.